Меню

Қабылдау

Жалпы ережелер

Талап білдірген оқушылар арасында мектеп өз бағдарламасынан елеулі пайда табатындарды қабылдайды. Мектеп бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, талапкер-оқушыларды оқуға қабылдамас бұрын және қабылдағаннан кейін, сәтті оқу ортасын сақтау үшін оларды ықыласпен бақылап отырады. Ұсынылған бағдарламалар оқушылардың  қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес болуы үшін «Galaxy» халықаралық мектебі» мекемесі (бұдан әрі – «Galaxy» ХМ») бар күшін салады.

Бұл ереже талапкерлердің жынысына, нәсіліне, ұлтына, дініне немесе тіліне байланысты кез-келген кемсітушілікке қарсы.

Оқуға қабылдау барысында талапкерлердің денсаулық жағдайы да ескеріледі. Келесі медициналық қарсы көрсетілімдер оқуға қабылдамаудың себебі бола алады:

  • баланың психикалық дамуындағы ауытқушылықтар;
    • жүйке жүйесінің ауытқуымен байланысты аурулар;
    • материалды меңгеруге және жоғары оқу жүктемесін орындауға қиындық туғызатын әртүрлі созылмалы аурулар немесе физикалық кемістіктер;
    • жұқпалы аурулар.

Мектеп үшін оқушының білім алуына байланысты түрлі қажеттіліктеріне әрдайым жауап беріп, орындау маңызды болып табылады. Сол себептен, мектепке қабылданғаннан кейінгі кезеңде жоғарыда аталмыш  қарсы көрсетілімдер анықталған жағдайда, мектеп оқушыға білім беру қызметін көрсетуден бас тартуға құқылы.

Мектепке қабылдау процесі

Мектепке қабылдау процесі бес кезеңнен тұрады:

  1. Мектеппен байланысу және ақпарат алу: Осы кезеңде талапкерлер немесе олардың ата-аналары/қамқоршылары мектеп жөнінде ақпарат алу үшін «Galaxy» ХМ-мен ресми немесе бейресми түрде электрондық пошта, телефон немесе мектепке келу арқылы байланысады. Қабылдау комиссиясы немесе мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің бірі мектеп бағдарламалары, қабылдау шарттары, күнделікті сабақ уақыты, оқу ақысы, сыныптағы бос орындар саны сияқты мектеп жөніндегі жалпы ақпаратты береді.
  2. Қабылдау емтиханы: Мектеп ережелеріне сәйкес тіркелген талапкерлер оқуға қабылдануы үшін емтихан тапсырады. Егер талапкер белгілі бір себеппен емтиханға келе алмаса, мектеп баламалы халықаралық емтихан нәтижелерін қарастыра алады.
  3. Қабылдау комиссиясы: Мектеп директоры аталмыш Ережеге сәйкес комиссия құрады. Бұл комиссия мектепке қабылдау немесе қабылдамау жөнінде шешім қабылдағанда талапкерлердің емтихандағы нәтижелерін, жасын, басым мәртебесін, алдыңғы мектептегі жетістіктерін, сыныптағы бос орын санын және басқа да талаптарды қарастырады. Содан кейін шешім жарияланады.
  4.  Қабылдау құжаттары: Мектеп тарапынан бастапқыда белгіленген және ата-аналарға/қамқоршыларға жарияланған оқу ақысының қажетті мөлшері төленгеннен кейін, талапкер белгіленген тәртіпке сәйкес қабылдауға қажет болатын барлық құжаттарды тапсырады.
  5. Бұйрық: Мектеп талапкерді мектепке қабылдау жөнінде бұйрық шығарады. Талапкер аталмыш бұйрыққа сәйкес ресми түрде мектепке қабылданған болып есептеледі.

Жас бойынша ұсынылатын саралау

Төмендегі кестеде оқушының жасы бойынша ұсынылатын саралауы көрсетілген.

Сынып Аймен санағандағы жасы Жылмен санағандағы жасы
0 68 – 80 5 – 6
1 81 – 92 6 – 7
2 93 – 104 7 – 8
3 105 – 116 8 – 9
4 117 – 128 9 – 10
5 129 – 140 10 – 11
6 141 – 152 11 – 12
7 153 – 164 12 – 13
8 165 – 176 13 – 14
9 177 – 188 14 – 15
10 189 – 200 15 – 16
11 201 – 212 16 – 17
12 212-ден жоғары 17 – 18

Төмендегі формула жоғарыда келтірілген кестені жеңілдету үшін пайдалы:

Сынып = Жыл – Туған жылы – 5

Бұл формуладығы «Туған жылы» – талапкердің туылған жылы, «Жыл» – талапкердің оқуға түскендегі оқу жылының басталуы (тамыз немесе қыркүйек) және «Сынып» – талапкердің оқуға түспекші болған сыныбы.

Мысалы, жоғарыда келтірілген формула бойынша 2018-2019 оқу жылында 9-сыныпқа түсуге үміттенген талапкер «2018 – 9 – 5 = 2004 жылы» туылды деп болжауға болады. Бұл жағдайда талапкердің 2004 жылдың қай айында туылғаны маңызды емес. 

Қабылдау емтиханы

Қабылдау емтиханының түрі оқушының түсіп жатқан сыныбына сәйкес ерекшелене алады. Емтиханның негізгі компоненті – оқушының ағылшын тіліндегі біліктілік деңгейін тексеру болып табылады. Қабылдау емтиханы қағаз және/немесе электронды түрде өткізіле алады. Қабылдауға жеткілікті ең төменгі өту ұпайы қабылдау комиссиясы тарапынан белгіленеді.

Мүдделі талапкерлер қабылдау емтиханына тіркелуі керек. Тіркелу кезінде мектеп әкімшілігі талапкерлерді қабылдау емтиханының түрі, өтетін орны, күні мен уақыты туралы хабардар етеді.

Қабылдау емтиханын тапсыруға тіркелу үшін талапкерлерден бөлек ақы алына алады. Қабылдау емтихандары әр түрлі орындарда және күндерде өткізіле алады, оны мектеп әкімшілігі алдын-ала анықтайды.

Талапкер емтиханға келмеген немесе оған 15 минуттан артық уақытқа кешіккен жағдайда, мектеп бұл талапкерге емтиханды тапсыруға рұқсат бермеуге құқылы. Емтиханға тіркелуге төленген ақы қайтарылмайды. Талапкер қабылдау емтихандарын қайта тапсырғысы келген жағдайында, келесі емтиханға қайтадан тіркеліп, тіркелу ақысын қайта төлейді.

Мектеп тарапынан ұсынылған емтиханнан басқа, талапкерлер ағылшын тілін меңгергенін растайтын баламалы ресми куәліктерін тапсыра алады. Бұндай ресми тілдер емтихандарының тізімі «Баламалы сыртқы емтихандардың көрсеткіштері» қосымшасында берілген. Мектеп кез-келген уақытта осы тізімдегі ұпай мен емтихан түрлері туралы ақпаратты өзгерте және/немесе жаңарта алады. Мектеп бұл өзгерістерді кез-келген уақытта көпшілікке алдын-ала ескертусіз өзгертуге құқығы бар.

Мектеп тарапынан белгіленген күні қабылдау емтиханына келе алмаған немесе аталмыш сыртқы емтихандар нәтижелерін растайтын сертификаттары жоқ, бірақ кем дегенде үш жыл аралығында ағылшын тілінде оқытатын мектепте білім алған талапкерлер, қабылдау комиссиясына өздерінің кандидатурасын қарастырту үшін, сол мектептегі оқу жетістіктерін растайтын ресми куәліктерін тапсыра алады.

Қабылдау комиссиясы қажет көрсе, талапкерден қосымша сараптамадан немесе бағалаудан өтуді талап етуге құқылы.

Қабылдау комиссиясы

Қабылдау комиссиясы жыл сайын мектеп директоры тарапынан белгіленеді. Комиссияның негізгі мүшелері – директор және оның орынбасарлары. Комиссия белгілі бір шешімді оның үш басты мүшесінің болуымен ғана қабылдай алады, мысалы: директор мен директордың екі орынбасары немесе директордың үш орынбасары болған жағдайда.

Қажет болған жағдайда, комиссия құрамына психолог, пән мұғалімдері және/немесе сынып жетекшілері және т.б. сияқты қосымша мамандар шақырылуы мүмкін.

Комиссия шешім шығару барысында келесі талаптарды ескереді:

  • Сыныптағы бос орындар
  • Талапкердің жасы
  • Талапкердің емтихан нәтижелері
  • Алдыңғы мектептерден келген құжаттар
  • Талапкер оқып жатқан/бітірген сыныбы
  • Талапкердің оқыған мектебіндегі/еліндегі тоқсандарының басталу және аяқталу күндері
  • Басым мәртебесі бар талапкерлер

Қабылдау комиссиясы қажет көрсе, талапкерден қосымша бағалаудан өтуді талап етуге құқылы.

Комиссия келесі үш санатқа сәйкес шешім қабылдайды:

1. Қабылданды: «Кандидат оқуға қабылданды»

2. Қабылданбады: «Кандидат оқуға қабылданды»

3. Күту тізімінде: «Кандидат күту тізіміне енгізілді»

Комиссия шешімі туралы қабылдау емтихандарын тапсырған күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде көпшілікті хабардар етеді. Талапкер немесе оның ата-аналары/қамқоршылары емтихан қорытындылары туралы ақпаратты өздері сұрастыруы керек. Талапкердің немқұрайлығынан және/немесе нәтиже туралы ақпаратты кеш сұрауының салдарынан туындаған, талапкердің емтихан нәтижелерін қолданудан айырылған құқығы үшін мектеп жауап бермейді.

Қабылданған талапкерлер белгіленген мерзімге дейін мектепке барлық қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс.

Қабылданбаған талапкерлер өздерін дайын сезінген кезде, кез-келген уақытта басқа сессияға өтінім тапсыра алады.

Бос орын пайда болған жағдайда немесе кез келген қабылданған талапкер қажетті құжаттарды уақытында тапсыра алмаған немесе қажетті оқу ақы сомасын төлемеген жағдайда, оның орнына мектеп күту тізіміндегі талапкерді шақырады. Күту тізіміндегі талапкерлерден бір оқу жылында қайтадан емтихан тапсыруға талап етілмейді. Осылайша, күту тізімінің оқу жылының аяғына дейін күші бар.

Талапкерлердің ата-аналары/қамқоршылары комиссияның қабылдау туралы шешімінің жарияланғанынан кейін үш жұмыс күні ішінде қабылдау комиссиясына жазбаша түрде апелляция бере алады. Бұл жағдайда комиссия талапкердің емтихан нәтижелерін қайта қарастырады және талапкерден қосымша бағалаудан өтуге немесе қосымша құжаттарды тапсыруға талап етуге құқылы. Комиссияның апелляциядан кейін қабылданған шешімі түпкілікті болып табылады, сондықтан да ол одан әрі шағымдануға жатпайды.

Қабылдауға басым мәртебесі бар талапкерлер

Бос орын болған жағдайда, Қабылдау комиссиясы келесі талапкерлерге мектепке қабылданудың басым мәртебесін береді:

  • «Білім Орда» мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорларына қарасты мекемелерде оқыған оқушылар;
  • Осы мектепте аға-әпкелері оқитын оқушыларға;
  • Ата-анасы «Galaxy» ХМ-де қызмет ететін балаларға.

Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктері бар болса да, оқыған мектептерінде қатаң тәртіп ережелерін бұзған оқушыларды мектеп қабылдамауға құқылы.

Қабылдау құжаттары

Оқуға қабылдау туралы шешім жарияланғаннан кейін, қабылданған оқушылар екі апта ішінде «Қабылдау құжаттары қосымшасында» көрсетілген құжаттарды тапсыруы керек.

Мектеппен келісім-шартқа қол қойғаннан кейін, ата-аналар мектеп есепшісінен төлем шотын алып, оқу ақысын мектептің банк есебіне аударуы керек. Мектеп талапкерлерден ақы төлеу туралы түбіртекті тапсыруды талап етпейді, себебі мектеп есепшісі төлем туралы ақпаратты онлайн ала алады. Алайда жанжал жағдаяттың пайда болуы жағдайында, оны шешу үшін мектеп ата-аналардан барлық банктік түбіртектерді сақтауын сұрайды.

Ата-аналар/қамқоршылар керекті құжаттардың барлығын тапсырып, қажетті оқу ақысын төлеген кезде, директор талапкерді мектеп оқушысы ретінде растайтын бұйрыққа қол қояды.

Келісім шартты ұзарту

Келісім шартты ұзарту жағдайында, ата-аналар/қамқоршылар жаңа оқу жылы үшін екі жақты келісім шартты ұзартады және «Оқушы туралы ақпарат В формасы» қосымшасын толтырады.Бұл шаралар мектеппен белгіленген мерзімге дейін аяқталуы керек. Олай болмаған жағдайда, мектеп қажетті сыныптағы орынды сақтауға кепілдік бермейді.

Поделится